Astana International Exchange («AIX» немесе «Биржа») AIX пен Амман Қор Биржасы (ASE) арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға (MoU) қол қойылғанын қуана хабарлайды. Құжат қарым-қатынасты нығайтуға және ынтымақтастық пен ақпарат алмасу тетігін құруға бағытталған.
Тараптар капитал нарықтары туралы ақпаратпен алмасуға, соның ішінде нарықтық инфрақұрылым, листинг пен сауда рәсімдері, сондай-ақ құқықтық-нормативтік база жөнінде тәжірибе бөлісуге және өзара тиімді ынтымақтастық салаларын анықтауға келісті.
AIX басқарма төрайымы Асель Мұкажанова былай деп атап өтті:
«MENA өңірінің капитал нарықтарымен ынтымақтастық АХҚО мен AIX-тің даму стратегиясына толық сәйкес келеді. Біз қазірдің өзінде Абу-Даби қор биржасымен Tabadul цифрлық платформасы арқылы биржааралық сауданы жүргізіп жатырмыз және Nasdaq Dubai Орталық депозитарийімен тікелей байланыс орнаттық. Жақын арада Маскат Қор Биржасымен сауданы іске қосу жоспарлануда. Бұл бастамалар мен жобалар біздің MENA өңіріндегі серіктестерімізбен бірге инвесторлар мен эмитенттер үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ашады».Амман Қор Биржасының бас директоры Мазен Ватафи өз сөзінде былай деді:
«Аталған Меморандум Амман Қор Биржасы мен AIX арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызды кезеңі болып табылады. Тәжірибе алмасу, инновацияларды ынталандыру және трансшекаралық инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау арқылы біз өз нарықтарымыздың терең интеграциясына жол ашамыз. Бұл ынтымақтастық біздің биржалардың тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, сондай-ақ өңірлік капитал нарықтарының жалпы дамуына және тұрақтылығына ықпал ететін болады».