Astana International Exchange («AIX») және Hong Kong Exchanges and Clearing Limited («HKEX», Гонконг биржасы) екі биржа арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға («Меморандум») қол қойды.
Меморандум капитал нарықтарын дамыту және биржалық ынтымақтастық салаларындағы өзара мүдделі бірқатар мәселелер бойынша негізгі серіктестік бағыттарын айқындайды. Атап айтқанда, тараптар трансшекаралық листинг операцияларын кеңейту мүмкіндіктерін, соның ішінде акциялардың қосарлы листингін, сондай-ақ екі биржа алаңдарында борыштық бағалы қағаздардың трансшекаралық листингін қарастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, тараптар бірлескен бастамаларды іске асыру, тәжірибе алмасу және екі ел нарықтары арасындағы өзара байланысты кеңейту мүмкіндіктерін зерделеуге ниетті.
Тараптар нарықтық тәжірибе алмасу, нарықтық үрдістерді тереңірек түсіну және болашақтағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындау мақсатында биржалар арасындағы тұрақты диалог пен өзара іс-қимылды қолдау туралы уағдаласты.
AIX Басқарма төрайымы Асель Мұқажанова былай атап өтті:
«Осы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою Astana International Exchange пен Hong Kong Exchanges and Clearing Limited арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды кезең болып табылады. Біз ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін көріп отырмыз, әсіресе трансшекаралық капитал ағындарын дамыту, Орталық Азия мен Азияның жетекші қаржы орталықтары арасындағы интеграцияны нығайту, сондай-ақ эмитенттер мен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру тұрғысынан.
AIX өңірлік капитал нарықтарының платформасы ретінде дамуын жалғастырып келе жатқандықтан, HKEX-пен ынтымақтастық халықаралық интеграцияны тереңдету, тәжірибе, инновациялар және үздік нарықтық тәжірибелермен алмасу жолындағы маңызды қадам болып табылады. Бұл біздің өңірлер арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз».
HKEX Басқарма төрайымы Бонни Чан атап өтті:
«Біз AIX және АХҚО Әкімшілігімен осы келісімдерге қол қойғанымызға қуаныштымыз. Бұл Орталық Азиядағы ең серпінді дамып келе жатқан қаржы орталықтарының бірімен байланыстарымызды нығайтуға және HKEX-тің “Бір белдеу, бір жол” бастамасына қатысушы нарықтармен өзара іс-қимылын кеңейтуге мүмкіндік береді. Орталық Азияның жаһандық тауар нарықтары мен тұрақты даму саласындағы маңызы артып отырған жағдайда, бұл меморандумдар халықаралық эмитенттер мен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді. AIX-пен трансшекаралық листинг мүмкіндіктерін зерттеу және АХҚО Әкімшілігімен жасыл қаржыландыру мен тауар нарықтары саласындағы ынтымақтастық арқылы біз HKEX-тің нарықтарды байланыстырушы ретіндегі рөлін кеңейтіп, Гонконг пен Орталық Азия арасындағы капиталдың екіжақты қозғалысына ықпал етеміз».
Сонымен қатар, AIX пен HKEX капитал нарықтарын дамытуға және екі нарық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған зерттеулер мен өзге де бастамалар аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеуге ниетті.