kz
AIX Орталық Азияда алғаш болып көміртек бірліктерінің биржалық саудасын іске қосты
10.09.2026
AIX Орталық Азияда алғаш болып көміртек бірліктерінің биржалық саудасын іске қосты

Жаңа құрал ерікті көміртек нарығының қатысушыларына мәмілелер жасасудың ашық ережелері мен нарықтық баға белгілеу тетігі бар биржалық инфрақұрылымға қолжетімділік береді.

2026 жылғы 10 қыркүйекте Astana International Exchange (AIX) биржасында халықаралық Verified Carbon Standard (VCS) стандартына сәйкес верификацияланған ерікті көміртек нарығының көміртек бірліктері бойынша сауда-саттық басталды.

Сауда-саттықтың салтанатты іске қосылуы «Astana Finance Days 2026: Delivering Impact. Capital in Action» IX форумы аясында өтті. AIX ерікті көміртек нарығының көміртек бірліктерімен сауда жасау үшін өзінің биржалық инфрақұрылымын ұсынған Орталық Азиядағы алғашқы биржа болды.

AIX-тегі көміртек бірліктерінің алғашқы жеткізушісі Лондонда орналасқан Valor Carbon трейдингтік компаниясы болды. Мәмілелерді AIX брокері әрі сауда-саттық қатысушысы Standard International Market сүйемелдейді.

Verified Carbon Standard – халықаралық коммерциялық емес Verra ұйымы басқаратын, климаттық жобаларды сертификаттаудың әлемдегі ең ірі стандарттарының бірі. Көміртек бірліктері парниктік газдар шығарындыларының қысқартылуы немесе сіңірілуі тәуелсіз верификациядан өткеннен кейін ғана айналымға жіберіледі және Verra тізілімінде тіркеледі.

Көміртек бірліктері AIX-тің экологиялық өнімдер желісіндегі бұрын биржалық саудасы іске қосылған жаңартылатын энергия сертификаттары I-REC-тен кейінгі екінші құралға айналды.

«Орталық Азияда көміртек жобаларының саны артып келеді және олар үшін қаржыландыру тарту негізгі мәселелердің бірі болып қала береді. АХҚО-ның міндеті – осындай жобалардың капиталға қолжетімділігін қамтамасыз ететін инфрақұрылым құру. Көміртек бірліктерінің биржалық саудасын іске қосу – осы бағыттағы нақты қадам және АХҚО-ның өңірлік көміртек қаржыландыру орталығы ретіндегі позициясын нығайтады», – деді АХҚО әкімшілігінің басқарма төрағасы Бахтияр Тілеубеков.

Биржалық формат операцияларды жүргізудің бірыңғай әрі ашық ережелерін белгілеп, көміртек бірліктерінің нарықтық бағасының қалыптасуына ықпал етеді. Оларды сатып алу және сату AIX сауда-саттық қатысушылары – брокерлер арқылы жүзеге асырылады.

«Көміртек бірліктері I-REC сертификаттарынан кейін Биржаның екінші экологиялық өніміне айналды. AIX Орталық Азиядағы көміртек саудасының негізгі хабына айналуды көздейді. Біздің күш-жігеріміз нарықты одан әрі дамытуға, сатушылар мен сатып алушыларды тартуға және сауда-саттық көлемін ұлғайтуға бағытталатын болады», – деп атап өтті AIX басқарма төрағасы Әсел Мұқажанова.

Сауда-саттықтың іске қосылуы Орталық Азиядағы шығарылған көміртек бірліктерін өткізудің ашық нарықтық тетіктеріне мұқтаж климаттық жобаларды әзірлеушілер үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Инвесторлар мен компаниялар үшін жаңа құрал халықаралық верификация стандарттарына сәйкес келетін экологиялық өнімдерге қолжетімділікті кеңейтеді.

«Valor Carbon қазірдің өзінде Орталық Азияда бірқатар жобаларды дамытып келеді және өңірдің әлеуетін жоғары бағалайды. АХҚО осындай бастамаларды іске асыруға және жергілікті әзірлеушілердің құзыреттерін дамытуға қолайлы жағдайлар жасауда. Өңірдің өзінде көміртек бірліктерімен сауда жасауға арналған биржалық инфрақұрылымның пайда болуы – Орталық Азияда климаттық қаржыландыруды дамытудағы маңызды қадам», – деп қосты Valor Carbon бас директоры Рокко Хюш.

Жаңа құралдың іске қосылуы климаттық жобаларды әзірлеушілерді, инвесторларды және нарықтың басқа да қатысушыларын біріктіретін АХҚО-ның Көміртек платформасының инфрақұрылымын кеңейтеді. Өңірдегі жобалар және олардың іске асырылу барысы туралы ақпарат АХҚО Көміртек платформасының сайтында орналастырылады.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. Толығырақ: www.aixkz.com

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) - халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. Aifc.kz