kz
AIX 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің қорытындыларын жариялады
08.07.2026
AIX 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің қорытындыларын жариялады

Халықаралық борыштық капитал нарығындағы шығарылымдар AIX-тің Қазақстанға инвестиция тарту алаңы ретіндегі ролін нығайтты

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Astana International Exchange («AIX» немесе «Биржа») Қазақстанның капитал нарығын нығайтуды жалғастырып, борыштық және үлестік капитал нарықтары, тұрақты қаржыландыру, нарықтық инфрақұрылымды дамыту және эмитенттер үшін мүмкіндіктерді кеңейту бағыттарында елеулі нәтижелерге қол жеткізді.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығы AIX үшін тұрақты өсім кезеңі болды. Биржадағы сауда-саттық көлемі 1,084 млрд АҚШ долларына жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артты. Бұл нәтижелер AIX-тің капитал тарту мен өңірдегі инвестициялық белсенділікті дамытуға арналған негізгі алаң ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Есепті кезеңде AIX алаңында егеменді, квазимемлекеттік және корпоративтік еурооблигациялармен қатар, панда облигацияларының шығарылымдарын қамтитын халықаралық борыштық құралдардың кең ауқымды орналастырулары жүзеге асырылды. Сонымен қатар, стратегиялық әріптестікті дамыту Биржаның басым бағыттарының бірі болып қала берді. Қазақстандық және халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейте отырып, AIX капитал нарықтары арасындағы байланысты нығайтуды, исламдық қаржыландыруды дамытуды және Қазақстанның жаһандық қаржы жүйесіне одан әрі енуіне септігін тигізуді жалғастырды.

AIX Басқарма төрайымы Асель Мұқажанова былай атап өтті:

«2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары AIX-тің Қазақстанды жаһандық капитал нарықтарымен байланыстыратын халықаралық биржа ретіндегі рөлінің нығайып келе жатқанын растайды. Ерекше шығарылымдар, инновациялық қаржылық шешімдер және нарықты дамытуға бағытталған жаңа бастамалар эмитенттер мен инвесторлар үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға деген ұмтылысымызды көрсетеді. Нарықтағы белсенділіктің өсуімен қатар, біз инфрақұрылымды жетілдіруді, үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуді және Қазақстанның капитал нарығының ұзақ мерзімді дамуына қолдау көрсетуді жалғастырамыз».

2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша AIX қызметінің негізгі нәтижелері:

  • Бағалы қағаздар листингі: Биржаның ресми тізімінде 196 эмитенттің 398 бағалы қағазы тіркелген. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 53 эмитенттің 74 бағалы қағазы листингтен өтті.
  • Тартылған капитал (борыштық және үлестік құралдар): Биржа құрылғаннан бері – 15 млрд АҚШ доллары, оның ішінде 2026 жылдың алғашқы алты айында – 3,589 млрд АҚШ доллары.
  • Сауда-саттық көлемі: 1,084 млрд АҚШ доллары, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 729,1 млн АҚШ долларымен салыстырғанда шамамен екі есе көп.
  • Нарық қатысушылары: Қазақстан, Қытай, Еуропа және Таяу Шығыс елдерінен 69 сауда мүшесі. 2026 жылдың басынан бері Биржаға 4 жаңа брокер қосылды. 10 жаһандық кастодианның AIX Орталық депозитарийінде (AIX CSD) қосалқы шоттары бар.
  • Инвесторлық база: AIX брокерлері арқылы AIX CSD-де ашылған бөлшек инвесторлардың есеп шоттарының саны 2,3 миллионнан асты.
     


2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы листингтер

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында AIX алаңында 74 листинг жүзеге асырылды. Жаңа орналастырулардың негізгі бөлігін дәстүрлі түрде борыштық құралдар құрады, ал ETF пен құрылымдық өнімдердің листингтері Биржаның өнімдер желісін одан әрі әртараптандыруға ықпал етті.

  • Панда облигацияларының шығарылымдары: AIX Қазақстанның Қытайдың ішкі капитал нарығына интеграциялануындағы маңызды роль атқарған екі панда облигацияларының шығарылуында негізгі рөл атқарды. 2026 жылғы сәуірде «Самұрық-Қазына» АҚ Орталық Азияда алғашқы болып панда облигацияларын орналастырып, 3 млрд юань көлемінде қаражат тартты. Орналастырудың жылдық кірістілігі 2,18% құрады. Мамыр айында Қазақстан Республикасы көлемі 3,4 млрд юань болатын алғашқы егеменді панда облигацияларын орналастырып, жылдық 1,90% мөлшеріндегі рекордтық төмен купондық мөлшерлемеге қол жеткізді. Шығарылымға сұраныс ұсыныс көлемінен екі есе асты. Бұл мәмілелер Қазақстанның халықаралық капитал нарықтарындағы позициясын нығайтып, AIX-тің халықаралық капитал тартуға ықпал ететін алаң ретіндегі рөлін тағы бір мәрте айқындады.
  • Еурооблигациялардың айтулы листингтері: Есепті кезеңде AIX халықаралық борыштық капитал нарығындағы жоғары белсенділігін сақтап, жетекші қазақстандық эмитенттердің еурооблигацияларының листингін қамтамасыз етті. Олардың қатарында Kaspi.kz компаниясының 600 млн АҚШ доллары көлеміндегі еурооблигациялары, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның жалпы көлемі 1 млрд АҚШ долларын құрайтын екі траншы, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның 700 млн АҚШ доллары көлеміндегі еурооблигациялары, Қазақстанның Даму Банкі шығарған 230 млрд теңге көлеміндегі еурооблигациялар, сондай-ақ Bank RBK-ның 300 млн АҚШ доллары көлеміндегі еурооблигациялары бар. Аталған мәмілелер AIX-тің халықаралық борыштық бағалы қағаздарды листингке шығару үшін таңдаулы биржа екенін тағы да растады.
  • Тұрақты қаржыландыру: AIX ESG бағытындағы мәмілелер мен өнім желісін дамыту арқылы тұрақты қаржыландыру саласындағы өңірлік орталық ретіндегі ұстанымын нығайтуды жалғастырды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Биржада «Алтын Орман және К» ЖШС-нің 5 млрд теңгелік жасыл облигациялар бағдарламасы аясындағы 500 млн теңге көлеміндегі дебюттік жасыл облигациялары орналастырылды. Тартылған қаражат орман өсіру және орманды қалпына келтіру жобаларын қаржыландыруға бағытталған. Сонымен қатар, AIX-те Оңтүстік Африка Республикасында қуаттылығы 115 МВт болатын күн электр станциясының құрылысын қаржыландыру мақсатында Caspian Solar Ltd. шығарған 625 млн юань көлеміндегі жасыл облигациялар және JET Group шығарған 10 млн АҚШ доллары көлеміндегі жасыл облигациялар листингтен өтті. Бұдан бөлек, Биржа Өзбекстандағы Чарвак су электр станциясында өндірілген электр энергиясына қатысты шығарылған жалпы көлемі 100 000 МВт·сағ болатын I-REC жаңартылатын энергия сертификаттарын сауда-саттыққа жіберу арқылы экологиялық өнімдер желісін кеңейтті. Әрбір сертификат 1 МВт·сағ жаңартылатын электр энергиясын білдіреді және нарық қатысушыларына жасыл энергияны тұтынуды растаудың халықаралық деңгейде мойындалған құралын ұсына отырып, өңірдегі тұрақты қаржыландыру нарығының одан әрі дамуына ықпал етеді.
  • Қолданыстағы бағдарламалар шеңберіндегі облигациялар шығарылымдары: Есепті кезеңде AIX алаңында экономиканың әртүрлі секторларындағы эмитенттердің бұрын тіркелген бағдарламалары аясында бірқатар облигациялар орналастырылды. Олардың қатарында «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС-нің 70 млн АҚШ доллары көлеміндегі бағдарлама аясындағы 20 млн АҚШ доллары көлеміндегі жария облигациялары, «ForteBank» АҚ еншілес ұйымы Home Credit Bank-тің 25 млн АҚШ доллары көлеміндегі облигациялары, Freedom Finance SPC Ltd. компаниясының 1 млрд АҚШ доллары көлеміндегі бағдарлама аясында шығарылған 400 млн АҚШ доллары көлеміндегі кепілдендірілген купондық облигациялары, сондай-ақ «Жылы Home» ЖШС-нің 2,5 млрд теңге көлеміндегі облигациялық бағдарламасы аясындағы 250 млн теңге көлеміндегі ШОБ облигацияларының бірінші траншы бар. Бұл орналастырулар шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтті.
  • Исламдық қаржы құралдары: AIX шариғат қағидаттарына сәйкес келетін қаржы құралдарының желісін кеңейту арқылы исламдық қаржыландыру нарығын дамытуды жалғастырды. Есепті кезеңде Биржада Asia Mineral Resource SPC Ltd. компаниясының 50 млн АҚШ доллары көлеміндегі сукук бағдарламасы аясындағы, бөлшек инвесторларға арналған 5 млрд теңге көлеміндегі екінші траншы, сондай-ақ Gamma-T SPC Limited компаниясының 10 млрд теңге көлеміндегі бағдарламасы аясында шығарылған 5 млрд теңге көлеміндегі екінші сукук траншы орналастырылды.
  • Құрылымдық өнімдер: Құрылымдық өнімдер мен биржалық инвестициялық қорлар (ETF) нарықтағы өз үлесін арттыруды жалғастыруда. 2026 жылдың алғашқы алты айында AIX алаңында 6 ETF және 8 құрылымдық нота орналастырылды.
  • Листингке енгізілмеген бағалы қағаздар: 2025 жылғы қыркүйекте листингке енгізілмеген бағалы қағаздармен биржадан тыс (OTC) операциялар іске қосылды. Мұндай бағалы қағаздарды шығару, есеп айырысу және сақтау қызметтері бойынша AIX Registrar негізгі тіркеуші ретінде әрекет етеді. Бұл қызметтер тек кәсіби инвесторларға қолжетімді және бағалы қағаздарды AIX-те листингке енгізуді немесе сауда-саттыққа жіберуді талап етпейді. 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында жаңа сервиске 19 клиент қосылды.



Жаңа өнімдер мен қызметтер

AIX алғашқы тікелей листингті (Direct Listing) сәтті жүзеге асыру арқылы капитал нарығына арналған шешімдер қатарын кеңейтіп, компанияларға жария нарыққа шығудың қосымша тетігін ұсынды. 2026 жылғы сәуірде «АК Алтыналмас» АҚ-ның жай және артықшылықты акциялары AIX-тің Ресми тізіміне енгізіліп, тікелей листинг шеңберінде сауда-саттыққа жіберілді. Бұл қолданыстағы акционерлерге компанияның қосымша капитал тартуынсыз өз акцияларымен мәмілелер жасауға мүмкіндік берді. Аталған қадам эмитенттер үшін қолжетімді листинг тетіктерін кеңейтіп, Қазақстанның капитал нарығына шығу кезінде оларға көбірек икемділік ұсынды.



Цифрлық трансформация

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында AIX нарықтық инфрақұрылымды одан әрі дамытуға және клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған екі маңызды технологиялық жобаны іске асырды. Биржа Genium I-NET сауда жүйесінің жаңа нұсқасына көшуді сәтті аяқтап, сауда платформасының функционалдық мүмкіндіктері мен ауқымдылығын кеңейтті. Жаңартылған жүйе жаңа өнімдер мен қызметтерді іске қосуға негіз қалыптастырып, эмитенттердің, инвесторлардың және басқа да нарық қатысушыларының өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне тиімдірек жауап беруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, AIX жаңартылған корпоративтік веб-сайтты іске қосып, пайдаланушыларға ыңғайлы навигацияны, нарықтық ақпаратқа қолжетімділіктің жақсаруын және заманауи цифрлық интерфейсті ұсынды.



AIX Registrar Ұлттық нөмірлеу агенттігі ретіндегі қызметін кеңейтуде

AIX Registrar АХҚО аумағындағы Ұлттық нөмірлеу агенттігі (National Numbering Agency, NNA) функцияларын орындауды жалғастырып, АХҚО-да тіркелген заңды тұлғаларға бағалы қағаздардың халықаралық сәйкестендіру нөмірлерін (ISIN) беруді жүзеге асырды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша берілген ISIN-дердің жалпы саны 103-ке жетті. Бұл аталған қызметке сұраныстың артып келе жатқанын және қызмет бағытының одан әрі дамып отырғанын көрсетеді.



AIXQI индексі

2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша AIXQI индексі 2 232,22 тармақты құрап, жыл басынан бері 12,85%-ға өсті. Индекс құрамына Қазақстанда қызмет жасайтын 15 компания кірді. Индекс өзінің тарихи ең жоғары деңгейіне 2026 жылғы 20 сәуірде жетіп, 2 483,68 тармақты құрады.



Нарықтық экожүйені кеңейту

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында AIX төрт жаңа сауда мүшесі мен Орталық депозитарийдің бір жаңа қатысушысын қабылдау арқылы өзінің нарықтық экожүйесін кеңейтуді жалғастырды. Биржаның сауда мүшелері қатарына BTA Finance Limited, Tien Shan Finservice, Finhub Global Ltd және Xtellus Europe Ltd қосылды. Сонымен қатар, Tien Shan Finservice AIX-тің Қырғыз Республикасынан қосылған алғашқы сауда мүшесі атанды.

Бұдан бөлек, ForteBank AIX CSD қатысушысы ретінде қосылып, пост-трейдингтік инфрақұрылымды одан әрі нығайтуға және нарық қатысушыларының AIX қызметтеріне қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етті.



Капитал нарығына арналған жаңа анықтамалық материалдар

AIX нарық қатысушыларына арналған екі маңызды жарияланымды әзірлеуге қатысу арқылы Қазақстанның капитал нарығын дамытуға қолдау көрсетуді жалғастырды. Есепті кезеңде Биржа БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Тұрақты даму саласындағы ақпаратты ерікті түрде ашу жөніндегі нұсқаулықтың жаңартылған редакциясын жариялады, сондай-ақ Азия даму банкі шығарған Қазақстан Республикасының облигациялар нарығы жөніндегі нұсқаулықты әзірлеуге үлес қосты. Аталған екі жарияланым да нарықтың ашықтығын арттыруға, нарықтық тәжірибені жетілдіруге және эмитенттер мен инвесторлардың Қазақстанның капитал нарығына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.



Қағидалар мен реттеу

AIX нормативтік базасындағы өзгерістер. Есепті кезеңде AIX нарықтың тиімділігін арттыруға, реттеуді халықаралық тәжірибеге одан әрі сәйкестендіруге және эмитенттер мен нарық қатысушылары үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған AIX Business Rules құжаттарына бірқатар өзгерістер енгізді. Өзгерістер міндетті маркет-мейкингке негізделген өтімділікті қамтамасыз ету тетігін жаңартуды, Direct Listing режимін барлық үлестік бағалы қағаздар эмитенттеріне таратуды, қорларды листингке енгізу талаптарын жеңілдетуді, корпоративтік басқару мен ақпаратты ашуға қойылатын талаптарды күшейтуді, исламдық бағалы қағаздар бойынша шариғат талаптарына сәйкестік туралы эмиссиядан кейінгі есептілікті енгізуді, сондай-ақ AIX Business Rules құжаттарын жаңартылған AIFC Market Rules және халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған техникалық өзгерістерді қамтиды.

AIX CSD Business Rules құжатындағы өзгерістер. AIX CSD де өзінің Business Rules құжатын жаңартып, корпоративтік іс-шаралар туралы хабарлау тәртібін жетілдіруді, қатысушыларды корпоративтік басқару және хабардар ету жөніндегі талаптарды кеңейтуді, KYC құжаттамасына қойылатын талаптарды күшейтуді, хабарламалар жіберу мерзімдерін қайта қарауды және AIX CSD нормативтік базасын жаңартылған AIX Business Rules талаптарына сәйкестендіруге бағытталған басқа да техникалық өзгерістерді енгізді.



Ынтымақтастық және халықаралық байланыстарды дамыту

AIX негізгі қазақстандық және халықаралық нарық қатысушыларымен ынтымақтастықты кеңейту арқылы стратегиялық әріптестіктерін нығайтуды жалғастырды. Есепті кезеңдегі маңызды оқиғалардың қатарында Биржаның Қазақстанның исламдық қаржы және бизнес қауымдастығына серіктес ретінде қосылуы, сондай-ақ капитал нарықтары арасындағы трансшекаралық өзара іс-қимылды дамытуға және кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталған HKEX-пен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюы бар.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz