kz
Astana International Exchange Қазақстан Даму Банкі еурооблигацияларының листингі туралы хабарлайды
05.05.2026
Astana International Exchange Қазақстан Даму Банкі еурооблигацияларының листингі туралы хабарлайды

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») Қазақстан Даму Банкі («ҚДБ») шығарған аға қамтамасыз етілмеген облигациялардың жаңа траншының листингі туралы хабарлайды. Аталған облигациялар жалпы көлемі 5 млрд АҚШ долларына дейінгі орта мерзімді бағалы қағаздар бағдарламасы аясында шығарылған.

Облигациялар теңгемен шығарылған, айналым мерзімі үш жыл, ал жалпы шығарылым көлемі 230 млрд теңге. Облигациялар бойынша купон бекітілген және 16.950% мөлшерлемемен жылына екі рет төленеді.

AIX Басқарма төрайымы Асель Мұқажанова былай атап өтті:

«Бұл мәміле AIX алаңында ұлттық валютадағы шығарылымдардың тұрақты ағынын қалыптастыруға ықпал етеді және тұрақты әрі әртараптандырылған капитал нарығының кезең-кезеңімен дамуын көрсетеді. Теңгедегі құралдар шығарылымын кеңейту қаржылық тұрақтылықты нығайту және жергілікті инвесторлар базасын кеңейту жолындағы маңызды қадам болып табылады».

Мәміле бойынша J.P. Morgan, Société Générale Corporate & Investment Banking, Alatau City Invest және ForteFinance бірлескен букраннерлер ретінде әрекет етті.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz