kz
AIX-те алғашқы тікелей листинг жүзеге асырылды
20.04.2026
AIX-те алғашқы тікелей листинг жүзеге асырылды

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») «АК«Алтыналмас» АҚ компаниясының қарапайым және артықшылықты акциялары AIX ресми тізіміне енгізіліп, сауда-саттыққа жіберілгенін хабарлайды. Бұл Биржада жүзеге асырылған алғашқы тікелей листинг.

«АК Алтыналмас» АҚ 1993 жылы құрылған. Компания құнды метал өндіру көлемі бойынша да, ресурс базасының ауқымы бойынша да Қазақстандағы алтын өндірушілердің үздік үштігіне кіреді. Компанияның активтері Қазақстанның 5 өңірінде орналасқан: Жамбыл, Қарағанды, Абай, Ақмола және Павлодар облыстарында.

AIX алаңындағы сауда-саттыққа 11 957 626 қарапайым акция және 5 267 артықшылықты акция жіберілді.

Рұқсат беру AIX Листинг қағидаларының 25-бабына сәйкес тікелей листинг форматында жүзеге асырылды. Бұл формат қолданыстағы акционерлерге AIX алаңында өз акцияларымен мәмілелер жасауға мүмкіндік береді. 

AIX Басқарма төрайымы Асель Мұқажанова былай атап өтті:

«Клиенттердің қажеттіліктерін ескеру - біздің қызметіміздің негізі. Біздің шешімдер оқшау түрде емес, нарық қатысушыларымен белсенді өзара іс-қимыл нәтижесінде қалыптасады, бұл бізге нақты әрі уақтылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Осындай тәсіл жетекші тау-кен өндіруші компаниямен бірлесіп алғашқы тікелей листингті жүзеге асыруға алып келді».

Бұл өнім AIX-те листингтің жаңа форматын енгізіп, капитал нарықтарына қолжетімділікті кеңейтеді және эмитенттерге жария нарықтарға шығу кезінде үлкен икемділік береді.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz