Astana International Exchange («AIX», «Биржа») Fonte Solana Exchange Traded Fund OEIC Plc қоры AIX-те листингтен өтіп, SETF тикерімен саудаға жіберілгенін қуана хабарлайды. Бұл – Solana (SOL) цифрлық активіне толық бағытталған және стейкинг функциясы бар әлемдегі алғашқы спот-биржалық инвестициялық қор (ETF). Қор Astana International Financial Centre (AIFC) юрисдикциясында Non-Exempt Fund ретінде тіркелген, сондықтан ол жеке инвесторларды қоса алғанда, кең ауқымды инвесторлар үшін қолжетімді.
Қор инвесторларға Solana активін тікелей сатып алмай-ақ, сақтамай-ақ және басқармай-ақ инвестициялық портфельдеріне қосуға мүмкіндік береді. Қордың басты мақсаты – комиссиялар мен шығындарды шегергенге дейін Solana бағасының қозғалысын дәл қадағалау. Қор қосымша табыс табу үшін токендерді стейкингке орналастырады. Жылдық табыстылық Solana желісінің инфляция деңгейіне және жалпы стейкингке салынған токендердің көлеміне байланысты қалыптасады.
AIX басқарма төрайымы Асель Мұкажанова былай деп атап өтті:
«Қазақстандағы ETF нарығы жаңа серпінді өсу кезеңіне қадам басты, ал жергілікті инвестициялық қорлар шынымен бірегей өнімдерді ұсынып отыр. AIX дәстүрлі және цифрлық инвестициялық мүмкіндіктердің ең үздігін біріктіретін дебюттік қорларды орналастырып отырғанын мақтаныш етеді».
Fonte Capital Ltd. бас директоры Ержан Мусин былай деді:
«Astana International Exchange (AIX) алаңында стейкингі бар әлемдегі алғашқы Solana ETF-інің листингке шығуы – тек Fonte Capital үшін ғана емес, бүкіл цифрлық актив индустриясы үшін тарихи оқиға. Біз дәстүрлі қаржылық құралдар мен инновациялық блокчейн технологияларының арасындағы көпірді құрып, инвесторларға базалық активтің (SOL) өсімін стейкинг арқылы пассивті табыспен үйлестіретін бірегей өнім ұсынамыз. Бұл реттелетін, қауіпсіз және табыс әкелетін цифрлық инвестицияларға деген өсіп келе жатқан сұранысқа қисынды жауап».