kz
Қазақстан мен АДБ Облигация нарығы бойынша нұсқаулық ұсынады
04.05.2026
Қазақстан мен АДБ Облигация нарығы бойынша нұсқаулық ұсынады

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және Азия даму банкі (АДБ) Қазақстан тарихындағы тұңғыш құжат – «Қазақстанның Облигация нарығы бойынша нұсқаулығы» (Bond Market Guide for Kazakhstan) жарияланғанын хабарлайды.

Нұсқаулық АДБ хатшылық қызметін атқаратын ASEAN+3 Облигациялар нарығы форумының (ABMF) ASEAN+3 Bond Market Guide басылымдар сериясы аясында әзірленді. Қазақстан бұл Форумға 2025 жылы ресми бақылаушы ретінде қосылған болатын.

Құжат Қазақстан облигациялары нарығының барлық негізгі аспектілерін қамтиды, атап айтқанда:

  • нарықтың қалыптасу тарихы мен оның негізгі даму кезеңдерін;
  • құқықтық және реттеушілік базасын: бағалы қағаздар туралы заңнаманы, листингке, ақпаратты жария етуге, бейрезиденттердің қолжетімділігіне қойылатын талаптарды;
  • борыштық құралдардың түрлерін: мемлекеттік, корпоративтік облигацияларды, ақша нарығы құралдары мен исламдық бағалы қағаздарды (сукук);
  • АХҚО юрисдикциясының ерекшелігін қоса алғанда, KASE мен AIX сауда, клиринг және есеп айырысу инфрақұрылымын;
  • салық салу режимі, қатысу құны және шетелдік инвесторлар үшін қол жеткізу шарттарын;
  • өзекті сын-қатерлер, нарықты одан әрі дамытудың перспективалары мен басымдықтарды.

Нұсқаулық Қазақстанның капитал нарығы туралы өзектi және жүйелі түсiнiк алуға ұмтылатын халықаралық инвесторларға, эмитенттерге, қаржы делдалдарына, реттеушiлер мен зерттеушiлерге арналған. Құжатпен АДБ сайтында танысуға болады: https://www.adb.org/publications/bond-market-guide-kazakhstan.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

«Облигациялар нарығы экономиканы қаржыландыруда шешуші рөл атқарады. Ол нарықтық кірістілік қисығын қалыптастырып, ақша-кредит саясатының сигналдарын тиімді жеткізуді қамтамасыз ететіндіктен, Қазақстанның қаржы нарығын дамытудағы басым бағыттардың бірі саналады. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттік органдармен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп, инфрақұрылымды дамыту, реттеу жүйесін жетілдіру, өтімділікті арттыру және инвесторлар базасын кеңейту бойынша кешенді шараларды іске асыруда. Осы жұмыстардың аясында Азия даму банкімен бірлесіп, Қазақстанның облигациялар нарығы бойынша нұсқаулық әзірленді. Бұл құжат нарық туралы ақпаратты халықаралық стандарттарға сай жүйелеп, оның ашықтығы мен инвестициялық тартымдылығын арттыруды көздейді.»

Әлия Молдабекова, Төрағаның орынбасары, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі


Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

«Реттеушілік ашықтық – инвесторлар сенімінің басты шарты. Нұсқаулықта Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының нормативтік-құқықтық базасы егжей-тегжейлі сипатталған, ол шетелдік қатысушыларға нарық мүмкіндіктерін бағалау кезінде сенімді бағдар болады. Агенттік реттеу жүйесі халықаралық озық тәжірибелерге сай дамыған сайын, құжатты жаңартып отыруды көздейді. Бүгінде Агенттік халықаралық консультанттармен бірлесіп, Бағалы қағаздар нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасын және Капитал нарығы туралы жаңа заңды әзірлеп жатыр. Бұл реформаның мақсаты – нарықтың өзге даму кезеңі үшін құрылған және қазіргі ауқым мен күрделілікке сәйкес келмейтін заңнамалық базаны жаңғырту. Реформа нарықта жаңа эмитенттер мен инвестициялық құралдардың пайда болуына, инвесторлардың тұрақты базасы мен өтімділікті қалыптастыруға, сондай-ақ барлық қатысушылардың құқығын сенімді қорғауға бағытталған. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл шаралар капитал нарығының Қазақстан экономикасын қаржыландырудағы рөлін нығайтуға тиіс.»

Нұржан Тұрсынханов, Төрағаның орынбасары, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі


 

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі

«Мемлекеттік бағалы қағаздардың дамыған әрі өтімді болуы – мемлекеттік қаржы орнықтылығының және инвестицияларды бәсекелестік шарттарымен тарту қабілетінің негізі. Осы Нұсқаулық халықаралық инвесторларға Қазақстанның борыштық құралдары туралы объективті әрі жүйленген ақпарат береді. Қаржы министрлігі нарықты тереңдету мен инвесторлар базасын кеңейту бағытын жүйелі түрде іске асырады.»

Дәурен Кеңбейіл, Қаржы вице-министрі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі


«Астана» халықаралық қаржы орталығы

«АХҚО әлемдік деңгейдегі қаржы алаңы ретінде құрылды және облигациялар нарығын дамыту біздің басты басымдықтарымыздың бірі саналады. Нұсқаулыққа АХҚО құқықтық және нарықтық инфрақұрылымы туралы жеке тарауды енгізу жаһандық инвесторларға біздің юрисдикция арқылы жұмыстың артықшылықтарын толық көлемде бағалауға мүмкіндік береді. Біз бұл жарияланым халықаралық капиталды Қазақстан нарығына тартудың тиімді құралына айналатынына сенімдіміз.»

Ренат Бектұров, Басқарушы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО)


Азия даму банкі

«АДБ ASEAN+3 форумының жұмысы аясында осы Нұсқаулықты дайындауда Қазақстанды қуана қолдайды. Жарияланымда Қазақстанның аймақтық қаржылық интеграциядағы өсіп келе жатқан рөлі мен оның экономикалық дамуды қолдау үшін халықаралық капитал тартуға ұмтылысы көрсетіледі. Нұсқаулық Қазақстанды салымдар үшін объект ретінде қарастыратын инвесторлар мен нарыққа қатысушылар үшін құнды құрал болатынына сенімдіміз.»

Утсав Кумар, Қазақстандағы Азия даму банкі (АДБ) Өкілдігінің Директоры


ASEAN+3 (ABMF) облигациялар нарықтарының форумы туралы

ASEAN+3 (ABMF) облигациялар нарығының форумы 2010 жылы Азия облигациялар нарығын (ABMI) дамыту жөніндегі бастама аясында құрылды. Форум ақпарат алмасу, саясат пен реттеу саласында ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ ASEAN+3 өңіріндегі облигациялар нарығының интеграциясына қолдау көрсету үшін жетекші өңірлік алаң саналады. ABMF Хатшылығын Азия даму банкі қамтамасыз етеді.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz