kz
2021 жылғы қарашадағы нарықтық белсенділікке шолу
07.12.2021

AIX-тегі сауда-саттық көлемі

2021 жылғы қараша айында АІХ-тегі сауда-саттықтың жалпы көлемі 31 839 858 АҚШД құрап, өткен аймен салыстырғанда 2,2 есе артты, ал үлестік құралдар бойынша сауда-саттық көлемі 13,2 млн-нан аса АҚШД құрап, соңғы жыл ішіндегі ең жоғарғы нәтижені көрсетті.

Эмитенттер, брокерлер, шоттар

2021 жылғы қараша айындағы жағдай бойынша АІХ-тің ресми тізіміне әртүрлі 81 эмитетенттің 125 бағалы қағаздар шығарылымы, оның ішінде 2 ETF (Exchange traded funds) пен 16 ETN (Exchange traded notes) кірді. АІХ сауда мүшелері 18 қазақстандық және 11 халықаралық брокер болып табылады. АІХ Орталық депозитарийінде инвесторлардың 155 мыңнан астам шоты ашылды.

Қараша айында АІХ ресми тізімі борыштық құралдар шығарған бірқатар эмитенттермен толықты. Еуразия даму банкі 20 млрд теңге сомасының әлеуметтік облигациялары шығарылымын жүзеге асырды, тартылған қаражат ЕАДБ-ның Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылып жатқан әлеуметтік жобаларын дамытуға бағытталатын болады. «Самұрық-Энерго» АҚ 18,4 млрд теңге сомасының жасыл облигацияларын орналастырды, орналастырудан түскен қаражат Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) Жасыл облигациялар қағидаттарына (GBP) сәйкес «жасыл» жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Сонымен қатар BI Group құрылыс холдингінің еншілес компаниясы – «Мегастрой» ЖШС-ның 3,5 млрд теңге сомасындағы облигацияларының кезекті листингі өтті, бұл жалпы сомасы 20 млрд теңге құрайтын 9 жылдық борыштық құралдар бағарламасы шеңберіндегі екінші транш болып табылады. Бұдан басқа, BCC Invest-пен ынтымақтастықта қазақстандық банктердің – Қазақстан Ұлттық Банкінің, ЦентрКредит Банкі мен Kaspi акцияларының көрсеткіштеріне байланыстырылған Kaz Financials биржалық нотасы шығарылды.

Eurasian Resources Group компаниясы АІХ-ті келешекте өзінің еншілес компанияларының акцияларын орналастыратын негізгі алаң ретінде таңдап отыр – қараша айында Pre-IPO секторына «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Качары Руда» АҚ және «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ акциялары енгізілді.

Қараша айының соңында АІХ құрамында үлестік құралдар листингі бар компаниялардың (Қазатомөнеркәсіп, Polymetal, Халык Банк, Ferro-Alloy Resources Limited, ЦентрКредит Банкі, Kaspi.kz, Kcell) жалпы нарықтық капиталдандыруы 49 млрд АҚШД-дан асты.

AIXQI индексі

Қараша айында AIXQI индексінің мәні 1173,98 пунктіден 1138,21 пунктіге дейін 3,05%-ға төмендеді, индекстегі 8 компанияның 5-уі коронавирустың жаңа омикрон штамының таралуынан туындаған нарықтың белгісіздігі жағдайында айды теріс аяқтады. Банк секторының AIXQI индексіне кіретін компанияларының акциялары айды әртүрлі бағытта аяқтап отыр – өсім бойынша ЦентрКредит Банкінің акциялары көш бастады, ол қарашаның басында таза пайданың 43%-ға өскені туралы есеп берді, қорытынды бойынша бұл банктің баға белгілеулерінің 6,33%-ға өсуіне әкелді, сонымен бірге Халық Банк пен Kaspi акциялары артта қалып, тиісінше 8,49%-ға және 8,98%-ға төмендеуді көрсетті.
KazTransOil акциялары қараша айында 3,13%-ға өсті, нарық 2021 жылдың 3 тоқсанының қорытындылары бойынша компанияның шоғырландырылған таза пайдасы 5,1%-ға төмендегенін назарға алмай, компанияның өз қызмет аясын кеңейтетіні туралы ресми мәлімдемесін оң қабылдады.

Бұған қарамастан, қараша айында Қазатомөнеркәсіп Genchi Global Limited компаниясымен АХҚО алаңында тіркелген ANU Energy физикалық уран қорына инвестициялау туралы келісім жасағаны туралы, сол сияқты ірі қытайлық энергетикалық компаниялармен табиғи уран концентратын жеткізуге келісімшарттар жасасқаны туралы хабарлады, айдың қорытындысы бойынша ұлттық компанияның баға белгілеулері 3,7%-ға төмендеуді көрсетті. Металлургиялық сектордың акциялары қараша айын ешқандай серпін көрсетпей жапты – Polymetal баға белгілеулері 0,49%-ға өсті, ал Central Asia Metal акцияларының бағасы 1,76%-ға төмендеді. Қазақтелеком акциялары қараша айының ішінде ауытқуларға ең аз ұшырады, айды 0,55%-ға елеусіз төмендеумен аяқтады.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz