Astana International Exchange («AIX», «Биржа») «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы («Ақтөбе» ӘКК) шығарған әлеуметтік облигациялардың дебюттік траншы AIX ресми тізіміне енгізіліп, саудаға жіберілгенін қуана хабарлайды.
1 млрд теңге көлеміндегі облигациялық бағдарлама шеңберінде шығарылған алғашқы транштың көлемі 100 млн теңгені құрады. Облигациялар бойынша купондық мөлшерлеме – 20%, өтеу мерзімі – 2028 жылғы 4 қыркүйек.
Облигациялардың саудасынан түскен қаражат «Ақтөбе» ӘКК-нің негізгі стратегиялық бағыттарын қаржыландыруға жұмсалады. Олардың қатарында инвестициялық және инновациялық инфрақұрылымды дамыту, микро-, шағын және орта бизнесті қолдау, өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік жобаларды іске асыру, сондай-ақ экспортқа бағдарланған өндірісті дамыту бар.
AIX басқарма төрайымы Асель Мұкажанова былай деп атап өтті:
«2023 жылы біз ESG-облигациялары бойынша листингтік төлемдерді алып тастадық. Бұл мемлекеттік және жекеменшік сектор эмитенттерін адамдардың өміріне оң әсерін тигізетін облигацияларды нарыққа шығаруға ынталандыру мақсатында жасалды. Қор нарығы әртүрлі ұйымдарға өңірлерде жергілікті тұрғындардың игілігіне қызмет етуге көмектесіп отырғанына қуаныштымыз».
Әуез Таймбетов, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы былай деді:
AIX-тегі әлеуметтік облигацияларды орналастыру – біздің корпорация үшін маңызды қадам. Тартылған қаражат кәсіпкерлерді қолдауды кеңейтуге, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ өңір үшін ерекше маңызы бар жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Біз бұл құрал Ақтөбе облысы экономикасының орнықты дамуына және жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.
Манас Гиждуаниев, АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры:
«Бұл облигациялар шығарылымы тек Ақтөбе ӘКК үшін ғана емес, Қазақстанның бүкіл әлеуметтік қаржыландыру экожүйесі үшін маңызды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарды қаржыландырудың баламалы көздеріне қажеттіліктің артып келе жатқанын ескере отырып, бұл мәміле бүкіл ел бойынша басқа әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына сигнал береді. Жасыл қаржы орталығы Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы шығарған ESG-тақырыптық облигациялар бойынша екінші тараптың пікірін бірінші болып ұсынғанын мақтан тұтады және біз болашақта басқа әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардан осындай әлеуметтік облигацияларды күтеміз».