kz
Astana International Exchange QazaqGaz еурооблигацияларының листингін құптайды
08.05.2026
Astana International Exchange QazaqGaz еурооблигацияларының листингін құптайды

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») Қазақстан Республикасының «QazaqGaz» ұлттық компаниясы АҚ («QazaqGaz») шығарған еурооблигациялардың листингі туралы хабарлайды.

АҚШ долларымен шығарылған облигациялардың көлемі 700 млн құрайды, айналым мерзімі он жыл, ал купондық мөлшерлемесі жылына 5,625% деңгейінде белгіленген, төлемдер жарты жыл сайын жүзеге асырылады.

Мәміле бойынша бірлескен жаһандық координаторлар ретінде Citi және J.P. Morgan, жергілікті жетекші менеджер ретінде Halyk Finance, ал жергілікті қосалқы менеджер ретінде Freedom Broker әрекет етті.

AIX Басқарма төрайымы Асель Мұқажанова былай атап өтті:

«QazaqGaz компаниясының AIX алаңында листингі компания үшін де, жалпы нарық үшін де маңызды қадам болып табылады. Жаңа эмитент ретінде QazaqGaz қаржыландыру тарту құралдарын кеңейтіп, халықаралық инвесторлар арасындағы өз қатысуын күшейтуде. Сонымен қатар, бұл мәміле Қазақстанның капитал нарығының неғұрлым әртараптандырылған және орнықты экожүйесін дамытуға ықпал етеді».

Бұл листинг AIX-тің қарыз капиталы нарығының өңірлік орталығы ретіндегі позициясын одан әрі нығайтып, халықаралық инвесторларға қолжетімділікті кеңейту бағытындағы жүйелі жұмысты көрсетеді.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz