Astana International Exchange («AIX», «Биржа») «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ («Самұрық-Қазына») алғашқы панда-облигацияларын сәтті орналастырғанын хабарлайды. Бұл мәміле эмитент үшін де, Орталық Азия капитал нарықтары үшін де маңызды оқиға болды.
Қытай юанінде (CNY) шығарылған облигациялардың көлемі 3 млрд юань, айналым мерзімі 3 жыл. Кірістілік мөлшері жылына 2,18% деңгейінде белгіленді, бұл Орталық Азия эмитенттері үшін тарихтағы ең төмен көрсеткіш болып табылады. AIX-те листинг 2026 жылғы 13 сәуірде өтті.
Аталған мәміле тарихи жетістік болып саналады, себебі қазақстандық эмитенттер бұрын Қытайдың ішкі борыштық нарығында қаржыландыру тартпаған. Сәтті орналастыру инвесторлардың Қазақстанның кредиттік сапасына деген сенімінің артып келе жатқанын және Қазақстан мен ҚХР арасындағы қаржылық ынтымақтастықтың тереңдей түскенін көрсетеді.
Облигацияларға CCXI агенттігі AAA рейтингін берді, бұл «Самұрық-Қазына»-ның жоғары кредиттік сапасына сәйкес келеді. Эмитенттің халықаралық рейтингтері Baa1 / BBB- / BBB (Moody’s / S&P / Fitch) деңгейінде.
Мәміленің жетекші андеррайтері және букраннері Bank of China, және CICC, China Construction Bank пен Deutsche Bank (China) болды. Teniz Capital Investment Banking AIX алаңында жергілікті андеррайтер және букраннер ретінде қызмет етті.
Орналастыру институционалдық инвесторлардың әртараптандырылған базасы тарапынан жоғары сұранысқа ие болды, бұл Қытайдың ішкі нарығында қазақстандық кредиттік құралдарға деген тұрақты қызығушылықты растайды.
AIX Басқарма төрайымы Асель Мұқажанова былай атап өтті:
«Қытайдың ішкі нарығына шығу - «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында ашылатын кең мүмкіндіктермен үйлесетін маңызды стратегиялық қадам болып табылады. Бұл біздің инвесторлық базамызды әртараптандырып қана қоймай, қолайлы баға қалыптасуы мен тиімді нарықтық жағдайдың артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік береді. Аталған мәміле қаржыландыру икемділігін арттырып, халықаралық деңгейдегі танымалдылығымызды күшейтеді және болашақта тұрақты қаржылық құрылымды қалыптастыруға, сондай-ақ терең әрі әртараптандырылған капитал көздеріне қол жеткізуге жол ашады».
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы атап өтті:
«Бұл - жаһандық капитал нарықтарына қатысу жолындағы маңызды қадам — біз алғаш рет Қытайдың ішкі нарығына шықтық. Облигацияларды орналастыру инвесторлардың қорға, оның қаржылық тұрақтылығына деген сенімдерінің жоғары екенін көрсетті. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуда маңызды қадам болды».